Шежірелер туралы екінші жазба
Жазба туралы мәлімет
Осы жазба киелі үйдің құрылысы жайлы баяндайды. Жаратқан Ие ежелде киелі шатырдың дайындық жұмыстарын жүргізуге тапсырған Безалел мен Аһолияпқа істегеніндей, енді Сүлеймен патша мен Хурам-Әби шеберге де даналық пен дарын сыйлады. Сол киелі шатырда ілініп қойылған түрлі түсті жіптерден әдемілеп тоқылған шымылдықтар Сүлеймен салғызған киелі үйдегі шымылдықтар үшін үлгі болды. Құдайға ғибадат етудегі осындай біркелкілікке бұл жазбада ерекше мән берілген.
Жаратқан Иеге сиыну, Оның өсиеттеріне, өз халқымен жасаған Келісімдеріне және пайғамбарлардың айтқандарына мойынсұнудың маңыздылығы Дәуіттің әулетінен шыққан Яһуда патшаларының тарихында айрықша көрсетілген. Құдайға бағынбаған патшалар және олардың халқы лайықты жазаның азабын тартып отырды. Ал Құдайға бет бұрып, ғибадат еткендерін Ол кешіріп, жарылқады.
Бұл жазба оқырмандарды Жасаған Иеге мойынсұнып, қызмет етуге жігерлендіреді. Егер Дәуіттің ұрпақтары Құдайға бағынып, ғибадат ететін болса, онда елдің тағында әрдайым Дәуіттің әулетінен шыққан патша отыратын болады. Жаратқан Иенің осы уәдесі Оның халқына болашақта шексіз әділдікпен билік жүргізетін Мәсіхке меңзейді.