Тімотеге арналған бірінші хат
Жазба туралы мәлімет
Пауыл елші жас қызметтестері Тімоте мен Титке жолдаған үш сәлемхатында қауым мүшелерін қамқорлау туралы нұсқау бергендіктен, олар «Рухани қамқорлық хаттар» деп аталады.
Осы хаттарда және кесариялық Еусеби мен римдік Кілемент сияқты ерте кездегі қауым жетекшілерінің жазбаларында берілген мәліметтер бойынша, Пауыл елші Рим қаласындағы алғашқы тұтқындалуынан босаған соң, төртінші үлкен уағыздау сапарына шықты. Сонда ол Испанияға, Крит аралына және бүгінгі Түркиядағы Ефес, Қолос қалаларына барып, содан Грекия арқылы Римге қайта оралды. Бұл қалада Пауыл шамамен б.з. 66 жылы, қатыгез Неронның патшалық құрған кезінде, қайтадан тұтқындалып, 68 жылы шейіт болды.
Пауыл төртінші уағыздау сапары кезінде Ефес қаласынан солтүстік Грекиядағы Македония аймағына аттануға дайындалғанда, сенімді шәкірті Тімотеге Ефестегі қауымға қамқорлық жасау туралы нұсқау берген еді. Кейінірек елші өзінің жуырда Ефеске қайта оралмайтынына көзі жеткенде, дарынды жас серігін жігерлендіріп, оған берген тапсырмаларын әлі де нақтылау үшін осы бірінші хатын жазды: Тімоте қауымда жайылған жалған ілімдерге қарсы тұруға, лайықты жетекшілерді тағайындауға және қауымдардың жиындары мен қызметтерін дұрыстап өткізу туралы тәлім беруге тиіс болды.
Ефес қауымындағы басты мәселе қате ілімдердің: «білімпаздық» (гностицизм) ағымының алғашқы түрінің, яһуди дініне байланысты, Мәсіхтің Ізгі хабарына қайшы келетін дәстүрлердің және сопылық (суфизм) іспетті дүниеден безу ағымының таралуы еді.
Елші бұл хаттың қауым жетекшілері мен мүшелеріне де оқылып берілуін қалағандықтан, өзін Құдайдың және Мәсіхтің бұйрығымен Мәсіхтің елшісі болған Пауыл деп ресми түрде таныстырып, Тімотенің де қауымдағы беделін нығайтты.