Патшалықтар туралы бірінші жазба
Жазба туралы мәлімет
Патшалықтар туралы алғашқы екі жазба «Самуил туралы жазбалар» деп те аталады. Өйткені бірінші жазбада осы атақты пайғамбардың өмірі мен қызметі суреттелген. Құдайдың кереметі арқылы дүниеге келген Самуил Құдайдың халқын басқарып, оларды жауларынан құтқарған билердің ең соңғысы болды.
Пайғамбар б.з.д. 1100 жылдың шамасында өзінің қызметін бастағанда Исраилдің он екі руы Грекияның Крит аралынан көшіп келген соғысқұмар філістірлердің қанауында болатын. Філістір жасақшыларының қарулары қатты темірден жасалғандықтан, исраилдіктер оларға қарсы төтеп бере алмады. Жаратқан Иенің Келісім сандығын шайқас даласына әкелудің де пайдасы болмады. Себебі адам баласы тұмар немесе басқа да кез келген «киелі» бұйымдар арқылы Құдайды көмек беруге мәжбүрлей алмайды. Осылай исраилдіктер жеңіліп, тас-талқан болды. Самуил халықты шын жүректен теріс жолдан қайтып, Жаратқан Иемен жасаған Келісімнің ережелеріне бағынуға шақырды. Исраилдіктер солай істеген соң, Құдай дұшпандарын ойрандап жеңіп, халыққа тыныштық сыйлады.
Алайда Самуил қартайған кезде халық біздің де басқа халықтардікі сияқты патшамыз болсын деп талап етті. Бұлай істеуімен олар өздерін жаңа ғана зор құдіретімен жаудан қорғаған Құдайды «Ұлы Патшамыз» деп қабылдамады. Бірақ Жаратқан Ие Самуилге олардың талабын қанағаттандыруды тапсырып, одан Саул есімді келбетті де мықты жігітке май жағу рәсімін жасауды тапсырды. Самуил Саулды патша ретінде тағайындағанда тағы да халықты күнә атаулыдан бас тартып, өздерін Құдайға біржола бағыштауға шақырды. Олардың басқа халықтардан маңызды бір өзгешелігі мынау болды: Исраилдің патшасы Жаратқан Иенің Тауратта берген заңына және Оның пайғамбарлары арқылы айтқандарына мойынсұнуға тиіс еді.
Бірақ Саул Құдайдың еркіне толық бағынбай, екі рет Оның нұсқауларына мойынсұнбады және мұнысына шын жүректен өкінбеді. Сондықтан Алла Тағала Саулдың патшалық құруын доғару керек деп шешті. Оның орнына құдайшыл жас батыр Дәуітті таңдап, оны ұзақ жылдар бойы қиыншылықтар мен қуғын-сүргін арқылы Құдай халқының патшасы болуға дайындады. Дәуіт бірнеше рет қас жауы Саулдан кек алудан бас тартып, өзін Жаратқан Иенің патша етіп бекітуін күтті. Соңында Саул шайқаста філістірлерден ауыр жарақаттанып, өзін-өзі өлтірді. Сол шайқаста оның үш ұлы, арасында Дәуіттің сенімді досы Жонатан да бар, қаза тапты.
Сонымен Патшалықтар туралы бірінші жазба жүрегін Құдайдың еркіне бағынуға қасарыстырып қойған Исраилдің алғашқы патшасы Саулдың жеңіліп, өлуімен аяқталады. Алайда осындай қайғылы жайтқа қарамастан, болашаққа деген үміт те нық орын алған. Сол үміт Құдайдың шын жүректен Өзіне сеніп, еркіне бағынатын басқа бір патшаны — Дәуіт пайғамбарды — дайындап жатқандығында.