Петірдің бірінші хаты
Жазба туралы мәлімет
Хат иесі Шимон Петір Иса Мәсіхтің Исраил халқына елшілері болуға тағайындаған он екі шәкіртінің бірі еді. Өзінің құрбандық өлімі мен қайта тірілуінен кейін Мәсіх елшілеріне күнә мен шайтанның құлдығынан құтқарылудың Ізгі хабарын әлемнің барлық халықтарына жеткізуді аманаттады. Елуінші күн (яки Алғашқы өнім) мейрамында Киелі Рух сенушілерге көктен түсіп қонған кезде жиналған қалың топ таң-тамаша қалды. Олар Құдайдың Мәсіх арқылы жасаған керемет істері жайындағы уағызды өздерінің сан алуан ана тілдерінде естіді. Көптеген тыңдаушылар күнәлары үшін опық жеп, Мәсіхтің тура жолына түсті. Олардың араларында Анадолудан (демек, бүгінгі Түркия орналасқан жерден) келген көп кісілер де бар болатын (Елш 1:8; 2:5-10).
Петір елші бұл хатын солтүстік Анадолу аймақтарындағы «шашыраған сенушілерге» жолдады. Олардың бәріне Ізгі хабар Елуінші күн мейрамындағы Петірдің уағыздарын тыңдағандар арқылы жетті ме, әлде Пауыл елші не тағы басқа уағызшылар арқылы жетті ме, сол туралы нақты хабарымыз жоқ.
Петір осы хатын Пауыл елшінің бұрынғы серігі Сыйласқа айтып отырып жаздырған (5:12). Мазмұны Пауылдың ефестік және қолостық сенушілерге арналған хаттарына ұқсап, солармен толықтай үндеседі. Інжіл шарифтің осы бөліктерін жазған кезде екі елшіні де Құдайдың Рухының жетелегені анық.
Елші хатында сенушілерді Құдайдың рақымы туралы шынайы хабарға адал болып қала беруге жігерлендіреді. Қуғын-сүргінге түсіп, азап шегіп жүргендерді жұбатып, олардың назарын біздегі зор үмітке аударады: Мәсіх салтанатты ұлылықпен қайта оралып, өз халқын бүкіл азап пен жамандықтан құтқаратын болады. Енді олар Мәсіхтің өздері үшін өмірін құрбан етіп, қасиетті қанын төккенін ұдайы естерінде ұстап, пәк таза өмір сүруге тиіс. Шынайы кішіпейілділіктің үлгісі — Мәсіх. Оның ізбасарларының да өз отбасыларында, қоғамдық орындарда, көпшілік арасында, сондай-ақ, қауымда лайықты мінез-құлық көрсеткендері жөн. Ал Құдай Өзінің таңдаулы халқы — оларға рақымын жомарттықпен мәңгі бақи жаудырмақ.